Date of publication: 21.12.2020 11:09
Date of changing: 21.12.2020 11:13

Кедендік тексеру

 

          Кедендік тексеру осы Кодексте белгіленген кедендік бақылаудың өзге нысандарын және осы Кодексте көзделген кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдана отырып, тауарлар шығарылғаннан кейін тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында кеден органы жүргізетін кедендік бақылау нысаны болып табылады.

          Кедендік тексеру кедендік декларацияда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасына сәйкес кеден органына ұсынылған немесе ол алған өзге мәліметтерді бухгалтерлік есеп пен есептілік құжаттарымен және (немесе) деректерімен, шоттармен және Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасында белгіленген тәртіппен алынған өзге де ақпаратпен салыстыруды білдіреді.

          Кедендік тексеруді кеден органы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, тіркелген және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жері бар тексерілетін тұлғаларға қатысты жүргізеді.

          Тексерілетін тұлғалар деп мынадай тұлғалар түсініледі:

          -декларант;

          -тасымалдаушы;

          -уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орындарда тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын тұлға;

          -кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлға;

          -тауарлар шығарылғаннан кейін оларға қатысты өкілеттіктері бар тұлға;

          -уәкілетті экономикалық оператор;

          -кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлармен жасалған мәмілелерге тікелей немесе жанама түрде қатысқан тұлға;

      -иелігінде және (немесе) пайдалануында Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасы, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасы бұзыла отырып тауарлардың, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілген тауарлардың болуын (болғанын) куәландыратын өзіне қатысты ақпарат бар тұлға.

          Кеден органдары кедендік тексеруді жүргізу кезінде:

      1) тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру фактісін;

     2) кедендік декларацияда мәлімделген және (немесе) кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттардағы мәліметтердің анықтығын;

      3) шартты түрде шығарылған тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулердің сақталуын;

      4) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың кеден ісі саласындағы қызметтің әрбір түрі үшін осы Кодексте көзделген міндеттерді орындауын;

      5) уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілуге үміткер заңды тұлғаның осындай тізілімге енгізу шарттарын сақтауын, сондай-ақ уәкілетті экономикалық оператордың уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізу шарттарын сақтауын және осы Кодексте көзделген өзге міндеттерді орындауын;

      6) осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдерге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарының сақталуын;

      7) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасында белгіленген өзге талаптардың сақталуын тексеруі мүмкін.

          Кедендік тексеру камералдық немесе көшпелі болуы мүмкін.

 

Көшпелі кедендік тексеру

     

         Көшпелі кедендік тексеруді кеден органы заңды тұлғаның тұрған жеріне (жерлеріне), дара кәсіпкердің қызметін жүзеге асыратын жерге (жерлерге) және (немесе) мұндай тұлғалардың қызметі іс жүзінде жүзеге асырылатын жерге (жерлерге) бару арқылы жүргізеді.

          Көшпелі кедендік тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:

      1) жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру;

      2) жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеру;

          Көшпелі кедендік тексеру нұсқаманың негізінде жүргізіледі. Нұсқамаға кеден органының басшысы (оны алмастыратын адам) қол қоюға тиіс.

Бір нұсқаманың негізінде тексерілетін тұлғаға бір ғана тексеру жүргізіледі. Нұсқама құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi органда тексеру басталғанға дейiн тексерiлетiн субъектiнiң тұрған жерi бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органына оны ұсыну, оның iшiнде электрондық нысанда ұсыну арқылы тіркеледі.

          Көшпелі кедендік тексерудің мерзімі ұзартылған, сондай-ақ тоқтатыла тұрған жағдайларда, нұсқамаға тиісті жазбалар енгізіледі және тексерілетін тұлға хабардар етіледі.

        Бұл ретте көшпелі кедендік тексеру жүргізу мерзімдері ұзартылған және (немесе) тексеруді жүргізетін тұлғалар саны өзгертiлген және (немесе) ауыстырылған және (немесе) тексерілетін кезең өзгертілген кезде қосымша нұсқама ресімделіп, онда бұдан бұрынғы нұсқаманың нөмірі мен тіркелген күні, осы Кодекске сәйкес тексеру жүргізуге тартылатын тұлғалардың тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) көрсетіледі.

      Қосымша нұсқама құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тексерілетін субъектінің тұрған жері бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның аумақтық органына оны ұсыну, оның ішінде электрондық нысанда ұсыну арқылы тiркеледi.

          Көшпелі кедендік тексеру өзге нысандарда кедендік бақылау жүргізу нәтижелері бойынша, сондай-ақ камералдық кедендік тексеруді жүргізу нәтижелері бойынша тағайындалуы мүмкін.

          Жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулер осындай тексерулерді жүргізу кезеңділігі шектелмей жүргізіледі.

          Жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін мыналар негіз болып табылуы мүмкін:

      1) Қазақстан Республикасының кеден және өзге мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелерінде қамтылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын ақпаратты талдау нәтижесінде алынған деректер;

      2) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын ақпарат;

      3) тұлғаның уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізу туралы өтініші;

      4) уәкілетті экономикалық оператордың уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізу кезінде тауарларды уақытша сақтауға арналған жеке меншіктегі, шаруашылық жүргізудегі, жедел басқарудағы немесе жалдаудағы құрылыстар, үй-жайлар (үй-жайлардың бөліктері) және (немесе) ашық алаңдар (ашық алаңдардың бөліктері) туралы мәлімдеген мәліметтердің өзгергені туралы ақпаратты кеден органына ұсынуы;

      5) осы баптың 11-тармағына сәйкес жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеруді жүргізу қажеттілігі;

      6) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің құзыретті органының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге байланысты шетелдік тұлғамен мәміле жасаған тұлғаны тексеруді жүргізу туралы өтініші (сұрау салуы);

      7) қылмыстық құқық бұзұшылық туралы хабарларды тексеру материалдары бойынша немесе қозғалған қылмыстық іс бойынша Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің алдын ала тергеу органдарының (қылмыстық қудалау органдарының) тапсырмасы (сұрау салуы);

      8) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің кеден органының Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органына осы Кодекстің 447-бабы 3-тармағының 1) және (немесе) 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша кеден органына тапсырма жіберу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және (немесе) тіркелген тұлғада көшпелі кедендік тексеру жүргізу туралы берген тапсырмасы;

      9) шет мемлекеттердің салық, кеден және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу нәтижесінде алынған мәліметтерді тексеру;

      10) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген жағдайлар;

      11) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын өтініштері;

      12) тұлғаның кедендік тексеруді жүргізу туралы бастамамен жүгінуі;

      13) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымда жазылған мәселелер бойынша тексеру жүргізу қажеттілігі;

      14) төлеушінің касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімнің талаптарын сақтауына тексеру жүргізу қажеттігі;

      15) кеден органының талап етуі бойынша тұлғаның дебиторлар тiзiмiн белгіленген мерзімде ұсынбауы не дебиторлардың жоқ екендігі туралы мәліметтер ұсынуы;

      16) дебитордың кеден органының талап етуі бойынша төлеушімен өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеру актісін белгіленген мерзімде ұсынбауы;

      17) камералдық кедендік тексеру жүргізудің Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын, оның ішінде мемлекеттік кірістер органының талап етуі бойынша құжаттарды және (немесе) мәліметтерді белгіленген мерзімде ұсынбау кезіндегі нәтижелері;

      18) өзге нысандарда салықтық бақылау, кедендік бақылау жүргізудің және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолданудың Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын нәтижелері;

      19) кеден органдарының бұрын жіберілген сұрау салулары бойынша алдыңғы кедендік тексеру барысында келіп түспеген жауап алынған жағдайлар;

      20) тексерілетін тұлғаның қайта ұйымдастырылуы және (немесе) тексерілетін тұлғаның банкроттыққа (таратылуға) арналған құжаттарды беруі.

          Тексерілетін тұлға ұсынған мәліметтердің анықтығын растау қажет болған кезде кеден органы көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және (немесе) тіркелген және тауарлармен мәмілелер (операциялар) бойынша тексерілетін тұлғамен байланысты тұлғаларда кеден органы жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеру жүргізуі мүмкін.

          Тексерілетін тұлғаға кедендік тексеру жүргізу туралы нұсқаманың көшірмесін табыс еткен күн көшпелі кедендік тексеру жүргізу басталған күн болып есептеледі.

          Тексерілетін тұлғаның объектісінде көшпелі кедендік тексеру жүргізуді бастар алдында кеден органының лауазымды адамдары тексерілетін тұлғаның басшысына, басшыны алмастыратын адамға не тексерілетін тұлғаның өкіліне өздерінің қызметтік куәліктерін не сәйкестендіру карталарын көрсетуге міндетті.

          Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кезеңінде тексерілетін тұлға өзінің қызметімен байланысты тексерілетін құжаттарға өзгерістер (толықтырулар) енгізуге құқылы емес.

          Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу мерзімі екі айдан аспауға тиіс. Көрсетілген мерзімге тексерілетін тұлғаға құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну туралы талапты табыс еткен күн мен мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді алған күн арасындағы уақыт кезеңі қосылмайды.

          Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу мерзімі мұндай тексеруді жүргізетін кеден органының шешімі бойынша бір айға ұзартылуы мүмкін.

          Көшпелі кедендік тексеруді жүргізу кедендік тексеруді жүзеге асыратын кеден органы басшысының, ол уәкілеттік берген кеден органы басшысы орынбасарының не оларды алмастыратын адамдардың шешімі бойынша:

      1) жоспардан тыс қарсы көшпелі кедендік тексеруді жүргізу;

      2) кедендік сараптаманы жүргізу;

     3) Қазақстан Республикасының құзыретті органдарына, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салуларды жіберу;

      4) тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексеруді жүргізу үшін қажетті құжаттарды қалпына келтіруі;

      5) көшпелі кедендік тексеру нәтижелері бойынша тұжырымдарға әсер ететін, тексерілетін кезеңге қатысты қосымша құжаттарды ұсыну қажет болған кезде тоқтатыла тұруы мүмкін.

          Көшпелі кедендік тексеру жүргізуді тоқтата тұру мерзімі жиырма төрт айдан аспауға тиіс. Бұл ретте құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның аумақтық органын хабардар ете отырып, көшпелі кедендік тексеру тоқтатыла тұрған немесе қайта басталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей, тексеруді тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға қолын қойдырып тапсырылады немесе хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.

          Көшпелі кедендік тексеру нәтижелері көшпелі кедендік тексеру актісімен ресімделеді.

      Көшпелі кедендік тексеру актісінде мынадай мәліметтер көрсетілуге тиіс:

      1) кедендік тексеруді жүргізу орны, көшпелі кедендік тексеру актісінің жасалған күні және нөмірі;

      2) тексеру жүргізген кеден органының атауы;

      3) көшпелі кедендік тексеруді тағайындаунегізі және оның түрі;

      4) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу туралы нұсқаманың күні және нөмірі;

      5) кеден органының көшпелі кедендік тексеруді жүргізген лауазымды адамдарының лауазымы, тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      6) тексерілетін тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не толық атауы, тексерілетін тұлғаның тұрған жері және қызметін іс жүзінде жүзеге асыратын орны туралы мәліметтер, оның сәйкестендіру нөмірлері;

      7) тексерілетін тұлғаның банктік шоттарының деректемелері;

      8) тексерілетін тұлға басшысының және оның кедендік және қаржылық есептілікті жүргізуге, кеден органдары алатын кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеуге жауапты лауазымды адамдарының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      9) көшпелі кедендік тексеруге қатысу үшін тартылған адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), лауазымы;

      10) тексерілетін кезең және тексерілген, оның ішінде тексерілетін тұлға ұсынған құжаттар туралы мәліметтер;

      11) көшпелі кедендік тексеру жүргізудің басталған және аяқталған күні, ал көшпелі кедендік тексерудіжүргізу тоқтатыла тұрған және (немесе) оны жүргізудің мерзімі ұзартылған жағдайда – мұндай тоқтата тұру және (немесе) ұзарту кезеңдері;

      12) кедендік бақылау нысандары, көшпелі кедендік тексеру барысында жүргізілген өзге де әрекеттер туралы мәліметтер;

      13) Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұрын анықталған бұзушылықтарды жою бойынша алдыңғы тексеру және қолданылған шаралар туралы мәліметтер;

      14) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасының ережелері көрсетіле отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасының бұзылуын куәландыратын анықталған фактілердің егжей-тегжейлі сипаттамасы не олардың жоқ екендігі туралы мәліметтер;

      15) көшпелі кедендік тексеруді жүргізу нәтижелері бойынша тұжырымдар.

          Осы баптың 19-тармағында көзделген көшпелі кедендік тексеру актісі жасалғанға дейін, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасын бұзушылық анықталған жағдайда, кеден органының лауазымды адамы тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін табыс етеді.

      Осы Кодекстің мақсаттары үшін кеден органының лауазымды адамы жасаған, көшпелі кедендік тексерудің алдын ала нәтижелері туралы құжат көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісі деп түсініледі.

      Бұл ретте тексерілетін тұлға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсынуға құқылы.

      Осы баптың ережелері қолданылатынтексерілетін тұлғалардың санаттарын, сондай-ақ көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін тексерілетін тұлғаға табыс ету, көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылықты ұсыну тәртібі мен мерзімдерін, сондай-ақ кеден органының мұндай қарсылықты қарау тәртібімен мерзімдерін уәкілетті орган бекітеді.

          Көшпелі кедендік тексеру нәтижелері бойынша ресімделген, екі данада жасалатын және кедендік тексеруді жүргізген лауазымды адамдар қол қоятын көшпелі кедендік тексеру актісі жасалған күн көшпелі кедендік тексеру аяқталған күн болып есептеледі.

          Көшпелі кедендік тексеру актісін кедендік тексеруді жүргізген кеден органының басшысы (оны алмастыратын адам) бекітеді.

          Тексерілетін тұлға кедендік тексеру нәтижелерімен келіспеген жағдайда көшпелі кедендік тексеру актісінде тиісті жазба жасалады.

          Жүргізілуі кезінде Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және (немесе) өзге де заңнамасын бұзушылық анықталған көшпелі кедендік тексеру нәтижелері бойынша тексеру нәтижелері туралы хабарлама шығарылады.

          Тексеру нәтижелері туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға осы Кодекстің 419-бабында көзделген тәртіппен табыс етіледі.

        Көшпелі кедендік тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген дара кәсіпкерлерді қоспағанда, жеке тұлғаларға қатысты жүргізілмейді.