Жарияланған күні: 03.08.2018 18:35
Өзгертілген күні: 03.08.2018 18:48

 

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап автожанармай құю станциялары есепке алатын бақылау аспаптарын орнату қажет

 

Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ж.Нұржановтың басшылығымен 2018 жылдың 25 шілдесінде автожанармай құю станцияларын иеленушілеріне семинар жүргізді. Семинарды бастаған МКД басшысының орынбасары Ж.Нұржанов аталған семинардың мақсаттары мен міндеттері туралы баяндады.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын реттеу туралы» (бұдан әрі – Заң) Заңының 26 бабы 1 тармағы 3) тармақшасына сәйкес, астананың, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың аумақтарында орналасқан жанармай құю станциялары 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандырылуы тиіс екендігі хабарланды.

Есепке алатын бақылау аспаптары (бұдан әрі – ЕАБА) – мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік объектілерінде және жанармай құю станцияларында (жылжымалы үлгідегі жанармай құю станцияларынан басқа) орнатылған, Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес қолдануға рұқсат етілген, мұнай өнімдерін өндірудің және (немесе) оның айналымының көлемдері туралы ақпараттың автоматтандырылған жүйесінің көмегімен мұнай өнімдерін өндіру және айналымы саласындағы есепке алатын бақылау аспаптарының деректерін оператор арқылы мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органға нақты уақыт режимінде кейіннен беру мақсатында есепке алуды жүргізуге арналған мұнай өнімдерінің сандық және сапалық сипаттамаларын айқындайтын техникалық құрылғылар.

         Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 281 бабының 5 тармағының 8) тармақшасында мұнай өнімдерін өндірушілердің, мұнай берушілердің, мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілердің немесе мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілердің мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бақылайтын есепке алу аспаптарынсыз не бақылайтын есепке алу аспаптарын айналып өтіп өткізуі және (немесе) тиеп-жөнелтуі - әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың тікелей нысаналары болып табылатын мұнай өнімдері, темекі бұйымдары және (немесе) құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістер тәркілене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға - жиырма, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатындығы ескертілді.

Семинар соңында автожанармай құю станцияларын иеленушілердің қойылған сұрақтарына жауап берілді, сонымен қатар ЕАБА алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізу (сараптама, ҚМЖ және т.б.) мен орнатудың мерзімдері анықталды.