Жарияланған күні: 27.09.2018 19:19
Өзгертілген күні: 27.09.2018 19:22

 

Камералдық кедендік тексерулерді жүргізудің негізгі түрлері.

 "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 417 бабына сәйкес, Камералдық кедендiк тексеру кедендік операцияларды жасау кезінде және (немесе) кеден органдарының талап етуі бойынша тексерiлетiн тұлға ұсынған кедендiк декларациялардағы және (немесе) коммерциялық, көлiктiк (тасымалдау) және өзге де құжаттардағы мәлiметтердi, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының құжаттары мен мәліметтерін, сондай-ақ кеден органдарында бар және тексерілетін тұлғаға қатысты басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау арқылы, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша жүргізіледі.

 Камералдық кедендік тексеруді кеден органдары тексерілетін тұлғаға бармай, сондай-ақ кеден органының камералдық кедендік тексеруді жүргізу туралы шешімін (нұсқамасын) ресімдемей кеден органының тұрған жері бойынша жүргізеді.

      Камералдық кедендік тексеру кеден органы басшысының, кеден органының басшысы орынбасарының рұқсатымен тағайындалады.

      Кеден органы басшысының, кеден органы басшысы орынбасарының шешімі шыққан күн камералдық кедендік тексеруді жүргізу басталған күн болып саналады.

      Камералдық кедендік тексеруді жүргізу мерзімі алты айдан аспауға тиіс.

       Камералдық кедендік тексеруді тағайындау үшін:

      1) Қазақстан Республикасының кеден және өзге мемлекеттік органдарының ақпараттық ресурстарында қамтылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын ақпаратты талдау нәтижесінде алынған деректер;

      2) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын ақпарат;

      3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің кұзыретті органының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге байланысты шетелдік тұлғамен мәміле жасаған тұлғаны тексеруді жүргізу туралы өтініші (сұрау салуы);

      4) шет мемлекеттердің салық, кеден және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу нәтижесінде алынған мәліметтерді тексеру;

      5) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын өтініштері;

      6) тұлғаның камералдық кедендік тексеру жүргізу туралы бастамамен жүгінуі;

      7) өзге нысандарда салықтық бақылау, кедендік бақылау жүргізудің және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолданудың Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын нәтижелері;

      8) кеден органдарының бұрын жіберілген сұрау салулары бойынша алдыңғы кедендік тексеру барасында келіп түспеген жауап алынған жағдайлар;

      9) тексерілетін тұлғаның қайта ұйымдастырылуы және (немесе) тексерілетін тұлғаның банкроттыққа (таратуға) арналған құжаттарды беруі негіз болып табылады.

          Камералдық кедендік тексерулер оларды жүргізу кезеңділігі шектелмей жүзеге асырылады.

          Камералдық кедендік тексеруді жүргізу барысында кеден органы кедендік декларацияда мәлімделген құжаттарды ұсыну бойынша талапты тексеретін тұлғаға жібереді.

          Кедендік декларацияда мәлімделген құжаттарды ұсыну мерзімі талап тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс. Қажет болған кезде, құжаттарды ұсыну мерзімін кеден органы тексерілетін тұлғаның уәжді сұрау салуы бойынша бес жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.

       Тексерілетін тұлға камералдық кедендік тексеру кезінде кеден органының жазбаша талап етуімен кедендік декларацияда мәлімделген құжаттарды белгіленген мерзімдерде ұсынбаған жағдайда, осындай құжаттардың негізінде кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер анық мәлімделмеген болып есептеледі.

          Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар болмаған кезде кедендік баждардың, салықтардың сомаларын кеден органы кедендік баждар, салықтар мөлшерлемелерінің неғұрлым жоғары шамасын, сондай-ақ кеден органының қолда бар мәліметтерінің негізінде айқындалуы мүмкін тауарлардың санын және (немесе) құнын негізге ала отырып айқындайды.

          Кеден органдары камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша кедендік декларациядағы бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, тексерілетін тұлғаға оларды өз бетінше жою құқығы беріледі.

       Хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы хабарламадағы талаптарды орындау, оның ішінде тексерілетін тұлғаның кедендік декларациядағы мәліметтерге, оның ішінде тауарлардың кедендік құны бойынша мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы құжатты ұсынуы арқылы, қажет болған кезде кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың төленгенін растайтын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің көшірмелерін қоса бере отырып орындау камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою деп танылады.

      Камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімі тексерілетін тұлғаға мұндай хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімді құрайды.

      Камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның нысанын уәкілетті орган бекітеді.

      Хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда тексерілетін тұлға осы Кодекстің 55-тарауында белгіленген тәртіппен мұндай хабарламаға шағым жасай алады.

      Камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша камералдық кедендік тексеруді аяқтау нысаны болып табылатын камералдық кедендік тексеру актісі жасалады. Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарылады.

      Камералдық кедендік тексеру актісінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.

     Екі данада ресімделетін және кедендік тексеруді жүргізген лауазымды адамдар қол қоятын камералдық кедендік тексеру актісі жасалған күн камералдық кедендік тексеру аяқталған күн болып есептеледі.

      Камералдық кедендік тексеру актісінің бірінші данасы камералдық кедендік тексеру материалдарына қоса тігіледі, актінің екінші данасы камералдық кедендік тексеру аяқталған күннен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей тексерілген тұлғаға қолын қойдырып жеке өзіне тапсырылады немесе алғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімімен жіберіледі.

      Камералдық кедендік тексеру актісіне құжаттардың көшірмелері, кеден органының лауазымды адамы жүргізген есеп-қисаптар және кедендік тексеру барысында алынған басқа да материалдар қоса беріледі.

      Камералдық кедендік тексеру актісі камералдық кедендік тексеру актілерін арнайы тіркеу журналында тіркеледі, ол нөмірленуге, тігілуге және кеден органының мөрімен бекемделуге тиіс.

      Бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тексерілетін тұлғаға камералдық кедендік тексеру актісімен бір мезгілде жіберіледі және (немесе) табыс етіледі.

      Бұзушылықтарды жою туралы хабарлама, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, тексерілетін тұлғаға қолын қойдырып жеке өзіне немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.

       Камералдық кедендік тексеруді жүргізу нәтижелері бойынша, оның ішінде кеден органының талап етуі бойынша белгіленген мерзімде құжаттар және (немесе) мәліметтер ұсынылмаған кезде кеден органы көшпелі кедендік тексеру тағайындауға құқылы.

Атырау облысы бойынша МКД Камералдық кедендік тексерулер бөлімі