Жарияланған күні: 12.02.2021 16:55
Өзгертілген күні: 12.02.2021 16:58
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (бұдан әрі-Комитет) импортталған тауарларды (дүкендер, супермаркеттер, дүңгіршектер және т.б.) бөлшек саудада өткізу кезінде шот-фактура жазып беру қажеттілігіне қатысты туындаған мәселелерге байланысты келесіні түсіндіреді.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 412-бабының 1-тармағындағы 2), 5) тармақшаларына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналым жасалған кезде салық төлеушілер шот-фактура жазып беруге міндетті:
- импортталған тауарларды өткізген жағдайда;
- Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды іске асыру мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда (ДСҰ тауарларының тізбесі).
Бұл ретте, Салық кодексінің 412-бабының 13-тармағына сәйкес импорттық тауарлар мен тізбедегі тауарлар өткізілген жағдайда, салық төлеуші бір шот-фактураны жазып беруге құқылы:
есеп айырысулары жүзеге асырылатын, күн ішінде өткізілген тауарлар бойынша:
-сатып алушыға бақылау-касса машинасының чегін ұсына отырып, қолма-қол ақшамен және (немесе) көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу терминалдары арқылы;
- төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықты (құрылғыны) қолдана отырып;
есеп айырысулары электрондық ақшамен немесе электрондық төлем құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жеке тұлғаларға өткізу кезінде.
Алайда, барлық бөлшек сатушылардың ЭШФ жазып беру қажеттілігіне қатысты осы норманы енгізу бизнес субъектілеріне қиындық туғызды.
Осыған байланысты, аталған мәселе заңнамалық деңгейде реттелгенге дейін, сондай-ақ салық төлеушілердің негізді шағымдарын болдырмау үшін Комитет:
1) бөлшек сауда сатушыларға күн сайын шот-фактураларды жазып беру қажеттігі туралы талап етпеу;
2) шот-фактураларды электрондық нысанда жазып беру тәртібінің сақталуы мәселесі бойынша салықтық тексерулерді жүргізбеу;
3) бөлшек сауда сатушыларының шот-фактураларды шығару бойынша міндеттемелерінің жоқтығы туралы түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырады.