Date of publication: 03.07.2019 09:39
Date of changing: 03.07.2019 10:18

 

 

Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы туралы

Қоршаған ортаға эмиссия үшiн төлемақы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын арнайы табиғат пайдалану тәртiбiмен қоршаған ортаға эмиссия үшiн алынады.          

          Қоршаған ортаға эмиссияны жүзеге асыратын тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.

      Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін осындай құрылымдық бөлімшенің қоршаған ортаға эмиссиясының көлемі бойынша төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы.

       Заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешімді қабылдаған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Егер заңды тұлға өз шешімімен заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп таныса, онда мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

             Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданылатын қызметті жүзеге асыру нәтижесінде қалыптасатын қоршаған ортаға эмиссиялар бойынша шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер төлемақы төлеушілер болып табылмайды.

           Жылдық жиынтық көлемі 100 АЕК-ке дейінгі төлемдер көлемінде төлемақы төлеушілер рұқсат құжатын беретін орган белгілеген қоршаған ортаға эмиссиялар нормативін сатып алуға құқылы. Нормативті сатып алу рұқсат құжаты есепті салықтық кезеңнің 20 наурызынан кешіктірілмей ресімделген кезде ағымдағы жыл үшін алдын ала толық ақы төлене отырып жүргізіледі.

          Рұқсат құжаты көрсетілген мерзімнен кейін алынған кезде нормативті сатып алу рұқсат құжаты алынған айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

          Ластаудың жылжымалы көздерін қоспағанда, төлемақы сомасы рұқсат құжатында көрсетілген қоршаған ортаға эмиссия көзінің (объектісінің) орналасқан жері бойынша бюджетке төленеді.

          Ластаудың жылжымалы көздері бойынша төлемақы сомасы бюджетке:

мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымалы көздер бойынша – мұндай тіркеуді жүргізу кезінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын жылжымалы көздерді тіркеу орны бойынша;

          мемлекеттік тіркеуге жатпайтын ластаудың жылжымалы көздері бойынша – салық төлеушінің тұрған жері бойынша, оның ішінде заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің (егер оған салық міндеттемесін орындау жүктелсе) тұрған жері бойынша енгізіледі.

            Аталған төлеушiлердi қоспағанда, қоршаған ортаға нақты эмиссиялар көлемi үшiн төлемақының ағымдағы сомаларын төлеушiлер есептi тоқсаннан кейiнгi екінші айдың 25-күнінен кешiктiрмей енгізедi.

            Ластаудың жылжымалы көздерi бойынша декларацияны қоспағанда, төлемақы төлеушiлер ластау объектiсiнiң орналасқан жеріндегі салық органдарына декларация тапсырады.

          Декларация салық органдарына:

 мемлекеттік тіркеуге жататын ластаудың жылжымалы көздерi бойынша – мұндай тіркеуді жүргізу кезінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын жылжымалы көздерді тіркеу орны бойынша;

       мемлекеттік тіркеуге жатпайтын ластаудың жылжымалы көздері бойынша – салық төлеушінің тұрған жері бойынша тапсырылады.

          Төлемақы төлеушiлер декларацияны тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екінші айдың 15-күнінен кешiктiрмей тапсырады.

          Жылдық жиынтық көлемдері 100 АЕК-ке дейiнгі төлемдер көлемінде төлемақы төлеушілер декларацияны есептi салықтық кезеңнiң 20 наурызынан кешiктiрмей тапсырады.

          Рұқсат құжаты көрсетілген мерзiмнен кейiн ресiмделген жағдайда, төлеушiлер декларацияны рұқсат құжаты алынған айдан кейiнгi айдың 20-күнінен кешiктiрмей тапсырады.