Date of publication: 11.10.2018 19:28
Date of changing: 11.10.2018 19:30

 

«Прорва» теңіз  учаскесі

Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ) Қазақстан үшін ірі жобалардың бірі және «Тенгизшевройл» ЖШС-нің Теңіз кенішіндегі үшінші жобасы болып саналады. Жобаны іске асыру барысында мұнай өндіру көлемі жылына 12 миллионға артады (қазіргі уақытта жылына 26 миллион тонна мұнай өндіріледі). Жобаның құны шамамен 36 миллиард АҚШ долларын құрайды.

          «Тенгизшевройл» ЖШС-і Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы барысында, Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты «Теңіз» кеден бекетінің қызмет көрсету аймағында орналасқан «Прорва» теңіз  учаскесі арқылы тауарларын импорттауды жүзеге асырады.

 Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы аясындағы зауыт құрылысына арналған орынға қажетті тауарларды су көлігімен тасымалдау үшін «Прорва» теңіз  учаскесінде айлақ салынды. «Прорва» теңіз  учаскесіндегі айлақ құрамына бірнеше нысандар, яғни, «Прорва» теңіз  учаскесінде қызмет атқаратын жұмысшыларға арналған вахталық қалашық, тауарларды түсіруге және сақтауға арналған алаңдар, сондай-ақ, ірі көлемдегі зауыт модульдерін тасымалдау үшін салынған арнайы көлік жолдары  жатқызылады.

Осыған байланысты, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарды айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 23 қазандағы № 672 қаулысына толықтыру енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 14 мамырдағы №265 қаулысына сәйкес, «Теңіз» кеден бекетінің қызмет көрсету аймағында орналасқан «Прорва» теңіз  учаскесі, «Тенгизшевройл» ЖШС-не су көлігімен әкелінетін тауарларды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу орны болып бекітілді.

Ағымдағы жылдың 25 мамырында «Прорва» теңіз  учаскесіндегі айлақ арқылы алғашқы жүк – құны 12млн 565 мың АҚШ доллары, салмағы 409 тонна болатын бақылау есептегіш құрылғысына арналған қашықтықтан басқару бөлмесі бөлшектелген күйінде тасымалданды.

2018-2021жылдар аралығында Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасына қажетті 191 модульдер «Прорва» теңіз  учаскесіндегі айлақ арқылы тасымалданады.

Атырау облысы бойынша МКД-і «Теңіз» кеден бекеті