Date of publication: 28.09.2018 10:18
Date of changing: 28.09.2018 10:25

«Сыбайлас жемқорлыққа тәуекелдікті жою біз үшін басты міндет»

     Ең біріншіден сыбайлас жемқорлық дегеніміз не екенін  түсіндіріп кеткен жөн. Жалпы сыбайлас жемқорлық дегеніміз - мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттікқызметтегі тұлғалардың сатылғыштығы, парақорлығы. Бұл дегеніміз, өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де бейқызметтік мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс табады.Атап айтқанда, осы керексіз әрекетті болдырмау, алдын алу үшін, сыбайлас жемқорлық үшін тәртіптік, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті реттейтін арнайы нормативтік-құқықтық актілер де қабылданды. Олардың ішінде, “Мемлекеттік қызмет туралы” және “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының заңдарын атап өтуге болады.Сонымен қатар, осы саладағы ынтымақтастық туралы халықаралық актілер де бар.                              

      Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталған жолдауында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған бес негізгі басымдылықты белгілеп берді. Жолдауда көрсетілген бес негізгі басымдылық еліміздің дамуының барлық салаларын қамтиды, соның ішінде заңның үстемдігін қамтамасыз етуге арналған.

     Бұл құжатта маңыздылығы жөнінен айрықша көтерілген мәселе сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.

     Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы  адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.

    Жасыратыны жоқ сыбайлас жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналды. Өкінішке орай,мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көрініс табуы, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты-бармақ басты әдет әлі де болса қалмай келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

    Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын-алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу - жалпыға ортақ міндет.

     Сондықтан, Елбасымыздың өзжолдауларында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажеттілігін атап көрсетті.

    Мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Бұндай заң бұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады.

    Біздің Департаментте сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, тәуекелділікті жою жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Соның ішінде, қызмет барысында сыбайлас жемқорлыққа тәуекелдікті тудыратын себептерді, мән-жайларды анықтау, орын алуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды тұрақты жүргізу,осы келеңесіздіктерді жою басты міндетіміз болып табылады.

    Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.

     Қазақстан - көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр, талай сын кезеңдерден өтуге тура келеді, осыған орай, сапалы нәтижеге қол жеткізуіміз қажет.

Профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасы