Date of publication: 07.10.2017 15:01
Date of changing: 07.10.2017 15:17

 

КӘСІПКЕРЛЕР  НАЗАРЫНА

 

Бүгінгі таңда заңсыз ойын бизнестері – қоғамның өзекті мәселесі болып отыр. Бұл ойындарға адамның психологиялық тұрғыдан бағынышты болуы – түрлі қылмыстардың орын алуына өз септігін тигізуде.

Соңғы жылдары ойын бизнесін мемлекеттік реттеу бойынша заңнама жетілдіріліп, елді мекендерде ойын мекемелерінің орналасуына тыйым салынды және ойын бизнесін ұйымдастырушылардың жауапкершілігі күшейтілді.

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N219 «Ойын бизнесі туралы» Заңының11-бабына сәйкес казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында ғана рұқсат етіліп, ҚР-ның басқа аймақтарында орналастыруға тыйым салынды.

Аталған заң талабын бұзғаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

ҚР Қылмыстық Кодексінің 307-бабына сәйкес, ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру не ҚР ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу не ойын бизнесі саласындағы қызметі лицензиясыз жүзеге асыру –

мүлкi тәркiленiп, 2000 АЕК (4 538 000 тг.) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сондай-ақ,

1) кәмелетке толмаған адамды пайдаланып немесе оны құмар ойындарына қатыстырып жасалса;

2) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалса;

3) iрi мөлшерде табыс табумен;

4) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер үшін –

мүлкi тәркiленiп, 5000 АЕК (11 345 000 тг.) айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Егерде, осы қылмыстарды:

1) қылмыстық топ жасаған;

2) аса iрi мөлшерде табыс табумен жасалған;

3) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам өзi немесе сенiм білдірген адам арқылы заңда белгiленген тыйым салуға қарамастан жасаған іс-әрекеттер, егер бұл іс-әрекеттер мұндай қызметте жеңiлдiктер мен артықшылықтар берумен немесе өзге нысандағы жақтаушылығымен байланысты болса, –

мүлкi тәркiленiп, 4 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда – мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға не алынған кіріс сомасының 20 еселенген мөлшерінде айыппұл салуға, 3) тармақта көзделген жағдайларда белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

Атырау  облысы бойынша МКД ПЖжББ