Date of publication: 14.12.2016 16:10
Date of changing: 14.12.2016 16:11

Салық төлеушілердің жекелеген санаттарымен табыс етілетін хабарлама мен мәліметтердің ережелері

 

Қазіргі уақытта шетелдік көздерден түсетін түсімдерді бақылау мақсатында және «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының кодексі шеңберінде заңнамалық актілерге, оның ішінде Салық кодексіне тиісті өзгертулер енгізілді.

Шетелдік көздерден қаржыландыратын жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік кірістер органына есептіліктерің табыс етілуін, сонымен қатар салық тіркелімдерін жасақтауды және айқын деректер базасын жүргізуді қарастыратын Салық кодексінің 14, 20, 77, 557 және 627 баптарына түзетулер енгізілді.

Орналасқан немесе тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алғаны және жұмсағаны туралы мәліметтерді, қызметтің мынадай  түрлерін көрсететін тұлғалар табыс етеді:

заңдық көмек көрсету, оның ішінде құқықтық ақпарат беру, азаматтардың және ұйымдардың құқығын қорғау және өкілі болу, және де оларға консультативтік мағлұмат беру;

қоғамдық, социологиялық ойлар бойынша сұхбат алу және зерттеу (коммерциялық мақсатта жүргізілген қоғамдық, социологиялық ойлар бойынша сұхбат алу және зерттеулерден басқа), және де олардың қорытындысын тарату және жария ету;

мағлұматтарды жинау, талдау және тарату, көрсетілген қызмет коммерциялық бағытта жүргізілгенінен басқа.

19.10.2016 жылғы №553 санды бұйрыққа сәйкес, шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алғаны және жұмсағаны туралы мәліметтерді жеке және заңды тұлғалар және (немесе) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері мемлекеттік кірістер органдарына табыс етеді.

Осылайша, мәміле жасалған күннен кейінгі 10 жұмыс күн ішінде, жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік кірістер органына шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік мекемелерден, шетел азаматтарынан, азаматтығы жоқ тұлғалардан алынуға жататын қаражаттар туралы мәліметтер көрсетілген хабарламалар табыс етіледі.

Бұдан басқа, есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-нен кешіктірмей, жеке және заңды тұлғалар, шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік мекемелерден, шетел азаматтарынан, азаматтығы жоқ тұлғалардан алынған және жұмсалынған қаражаттар және (немесе) өзге де мүліктер туралы мәліметтерді табыс етуге міндетті.

Аталған талаптар тұлағалардың 16 санатына қолданылмайды:

  1. мемлекеттік мекемелерге;
  2. лауазымдық міндеттерін атқару кезінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, Қазақстан Республикасының Парламенті және мәслихаттар депутаттарына (өз қызметін босатылмаған негізде жүзеге асыратын мәслихаттар депутаттарын қоспағанда), әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне;
  3. екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, сақтандыру ұйымдарына;
  4. тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, мониторингке жататын ірі салық төлеушілерге;
  5. мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары мен халықаралық мектептерге;
  6. адвокаттық, нотариаттық қызметті, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың, төрешілердің, бағалаушылардың, аудиторлардың қызметін жүзеге асыруға байланысты алынған ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
  7. квазимемлекеттік сектор субъектілеріне;
  8. Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктеріне, шет мемлекеттің консулдық мекемелеріне, сондай-ақ олардың қызметкерлеріне;
  9. спорттың ұлттық, техникалық және қолданбалы түрлерін дамытуға, дене шынықтыру мен спортты қолдауға және ынталандыруға бағытталған, сондай-ақ спорттық іс-шараларды, оның ішінде халықаралық спорттық жарыстарды, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
  10. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
  11. емделудің ақысын төлеу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту мақсатында алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
  12. сыртқы сауда келісімшарттары бойынша пайда түрінде алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
  13. халықаралық тасымалдарды ұйымдастырғаны және жүзеге асырғаны үшін, халықаралық пошта байланысы қызметтерін көрсеткені үшін алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
  14. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған инвестициялық келісімшарттар шеңберінде алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;
  15. төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалғанын растайтын құжаттар болған кезде, төлем көзінен бұрын осындай салық салынған дивиденттердің, сыйақылардың, ұтыстардың сомаларына;
  16. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген өзге де жағдайларға қолданылмайды.

Сонымен қатар, шетелдік көздерден алынған және жұмсалынған қаражаттар бойынша мәліметтер МКК-ң kgd.gov.kz интернет-ресурстарында жарияланатын болады.

            Жоғарыда аталған талаптар бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғандығын айта кеткен жөн.

 

Атырау қаласы бойынша

Мемлекеттік кірістер басқармасы

тел.45-15-11