
Мүлікті жария ету туралы декларацияны толтыру қағидалары
2015 жылдың 13 қарашасында Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және жаңа заңда арнайы декларация үғымы пайда болды.
ҚР ҚМ-нің 2015 жылғы 27 қарашасындағы № 593 бұйрығымен мүлікті жария ету туралы декларацияны толтыру қағидалары бекітілді.
Мүлікті жария ету туралы декларацияны толтыру қағидалары «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 30 маусымдағы Заңының 1-бабының 6-тармақшасына сәйкес әзірленді және мүлікті жария ету туралы декларацияны жасау тәртібін айқындайды.
Декларация - декларацияның өзінен және оған жария етуге жататын мүлік туралы ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетуге арналған қосымшадан құралады.
Декларацияны толтыру кезінде шимайлауға, өшіруге, түзетуге жол берілмейді.
Декларацияның тиісті ұяшығында көрсеткіштер болмаған кезде толтырылмайды.
Тиісті көрсеткіштердің ашылуын талап ететін декларациядағы жолдарды толтыру кезінде декларацияға қосымша міндетті тәртіпте жасалады.
Онда көрсетуге жататын деректер болмаған кезде декларацияға қосымша жасалмайды.
Декларацияға қосымшаның парағында бар жолдарындағы көрсеткіштердің саны артқан жағдайда, декларацияға қосымшаның ұқсас парағы толтырылады.
Декларация қара немесе көк сиялы қаламмен немесе қаламұшпен, баспаханалық бас әріптермен толтырылады.
Жария ету субъектілері арнайы декларацияны мемлекеттік кіріс органына
1)келу тәртібімен;
2) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы ұсынуға құқылы.
Арнайы декларацияны тапсыру тәсіліне қарай:
1) келу тәртібімен - мемлекеттік кіріс органы арнайы декларацияны алған күн;
2) пошта арқылы - мемлекеттік кіріс органының пошталық хат-хабарды қабылдағаны туралы белгі қойылған күн мемлекеттік кіріс органына ұсынған күн болып табылады.
Арнайы декларацияның нысанын, оның ішінде онда көрсетілуге жататын мәліметтерді, оны толтыру тәртібін салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылық етуді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілейді.
Бұл ретте жария ету субъектісі осы Заңда белгіленген арнайы декларацияны тапсыру тәртібін, шарттарын және мерзімдерін, сондай-ақ жария етілетін мүлікке қойылатын талаптарды сақтамаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органына себебін көрсете отырып, арнайы декларацияны қабылдаудан жазбаша бас тартуды арнайы декларацияны тапсырған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде береді.
Мемлекеттік кіріс органы жария ету субъектісіне жазбаша бас тартуды жібермеген жағдайда арнайы декларация қабылданған деп есептеледі
Атырау қаласы бойынша
Мемлекеттік кірістер басқармасының
Өндірістік емес төлемдерді әкімшіліктендіру
бөлімінің бас маманы
Нурмира Орунбаева