Жарияланған күні: 14.06.2019 19:24
Өзгертілген күні: 14.06.2019 19:28

 

Салық органының лауазымды адамдарының салықтық тексеруді жүргізу кезіндегі құқықтары мен міндеттері

 

Қазақстан Республикасы Салық Кодексінің 155 бабы негізінде Салық органының лауазымды адамдарының салықтық тексеруді жүргізу кезінде келесісідей мәліметтерді талап етуге және алуға құқығы бар.

- Екінші деңгейдегі банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан тексерілетін тұлғаның банктік шоттарының болуы және нөмірлері туралы құжаттар мен мәліметтерді, сондай-ақ тексеруді жүргізу үшін қажетті, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктік құпияны құрайтын салық төлеушілердің (тексерілетін тұлғалардың) шоттары бойынша ақша қалдықтары мен қозғалысына (айналымына) қатысты құжаттар және мәліметтерді;

- Қағаз және электрондық жеткізгіштерде есепке алу құжаттамасын, сондай-ақ тексеру нысанасына сәйкес автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділікті талап етуге;

- Салықтық тексеру барысында туындайтын мәселелер бойынша салық төлеушіден, оның ішінде оның жұмыскерлерінен жазбаша түсініктемелер талап етуге және алуға;

- Салықтық тексеруді жүргізу барысында туындаған мәселелер бойынша мемлекеттік және шет мемлекеттердің өзге де органдарына (ұйымдарына) сұрау салулар жіберуге;

- Салық төлеушіден (салық агентінен) бастапқы есепке алу құжаттарының деректері, бухгалтерлік есепке алу тіркелімдері, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпарат қамтылатын бухгалтерлік және салықтық есепке алуды автоматтандыруға арналған, пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз етудің және (немесе) ақпараттық жүйенің деректерін көруге қол жеткізуді талап етуге;

- Салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлікті тұрған жеріне қарамастан зерттеп-қарауға, тексерілетін тұлғаның мүлкіне (тұрғын үй-жайлардан басқа), оның ішінде тауар-көлік жүкқұжаттарында көрсетілген мәліметтерге сәйкестігіне түгендеу жүргізуге;

- Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді осы Кодексте айқындалған тәртіппен жанама әдіспен айқындауға құқығы;

- Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.

Салықтық тексеруді жүргізу кезінде салық органының лауазымды адамдары келесідей міндеттерді орындауға міндетті.

- Тексерілетін тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға, құқыққа сыйымсыз шешімдермен және әрекеттермен (әрекетсіздігімен) тексерілетін тұлғаға зиян келтіруге жол бермеуге;

- Салықтық тексеруді жүргізу кезінде алынған және жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексерілетін тұлғаның келісімінсіз олардың мазмұнын жария етпеуге;

- Қызметтік әдепті сақтауға;

- Тексерілетін тұлғаға салықтық тексеруді жүргізу кезінде оның құқықтары және міндеттері туралы ақпарат беруге;

- Салық органының лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беруге;

- Салықтық тексеруді жүргізу кезеңінде салық төлеушінің (тексерілетін тұлғаның) белгіленген жұмыс режимін бұзбауға;

- Тексерілетін тұлғаның талап етуі бойынша тексеруді жүргізу тәртібіне қатысты осы Кодекстің ережелері туралы қажетті ақпаратты ұсынуға;

- Салықтық тексеруді жүргізу кезінде тексерілетін тұлғаның өкілдеріне нұсқаманы және өздерінің қызметтік куәліктерін көрсетуге, осы Кодексте көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.