Date of publication: 06.08.2019 18:10
Date of changing: 06.08.2019 18:13

 

Ағымдағы жылдың 4 шілдесінде Мемлекет басшысы қол қойған салықтық рақымшылық жүргізуді көздейтін заң шеңберінде Қаржы Министрлігінің бұйрығымен салықтық рақымшылық жүргізу ережесі бекітілу кезеңінен өтуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлімдеді. Шараға сондай-ақ, ҚР ҚМ МКК Аудит департаментінің директоры Жандос Дүйсембиев және ҚР ҚМ МКК Салық әдіснамасы департаментінің директоры Жәнібек Нұржанов қатысты.
Мемлекеттік кірістер органдары ағымдағы жылдың соңына дейін әрбір азамат есептелген өсімпұлдарды есептен шығару бойынша аталған науқанды пайдалана алуы үшін салықтық рақымшылық жүргізу тәртібі туралы кең ауқымды бұқаралық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Ж.Іңкәрбаев атап өткендей, статистикалық деректерге сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,4 млн. жеке тұлғаның жалпы сомасы 20,9 млрд. теңгені құрайтын салықтық берешегі болған, оның ішінде негізгі борыш - 14,3 млрд. теңге, есептелген өсімпұлдар – 6,6 млрд. теңге.
«Салық берешегінің ең көп сомасы немесе 70% (14,4 млрд.теңге) көлік құралдарына салынатын салыққа тиесілі. Жер салығы бойынша берешекке 12% (немесе 2,5 млрд.теңге), мүлік салығына 6,7% (немесе 1,4 млрд. теңге) тиесілі», - деп атап өтті Ж.Іңкәрбаев.
Мемлекеттің кірістер комитетінің декертеріне сәйкес, борышкерлердің басым бөлігі-жеке тұлғалар Шымкент қаласында шамамен 148 мың, 139 мың Түркістан облысында, 116 мың Жамбыл облысында және 114 мың Нұр-сұлтан қаласында тіркелген.
Өңірлер бөлінісінде салық берешегінің ең көп сомасы Алматы қаласында – 5,5 млрд.теңге, Нұрсұлтан және Маңғыстау облысында 2 млрд. теңгеден, Шымкент қаласында 1,6 млрд. теңге.
Ағымдағы жылдың басынан бастап мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғаларға салық рақымшылық жасау үшін үлкен дайындық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, деректер базасын уәкілетті органдармен салыстырып тексеру, сондай-ақ салық төлеушілердің дербес шоттарын өзектендіру мақсатында есептеулердің толықтығы мен дұрыстығы мәніне дербес шоттарды түгендеу жүргізілді.
Өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз шарты жеке тұлғаның салықтар бойынша негізгі борышты төлеуі болып табылады. Салық төлеушілерге бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кіріс органдары күн сайын жеке тұлғалардың дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жүргізеді және олар 3 жұмыс күні ішінде негізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешім шығарады.
Егер салық төлеуші ағымдағы жыл ішінде өткен жыл үшін негізгі борыш пен салықтар бойынша өсімпұлды төлеуді жүргізген жағдайда, өсімпұл сомасы қайтаруға жатады. Ол үшін мемлекеттік кіріс органдарына өтініш беру қажет.
Баспасөз конференциясы барысында БАҚ тарапынан Қазақстанда жүріп жатқан шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған салықтық рақымшылық туралы сұрақтар қойылды. ҚР ҚМ МКК Аудит департаментінің директоры Жандос Дүйсембиев атап өткендей, 2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша бұл үрдіске 40 мыңға жуық салық төлеуші қосылып, 7,6 млрд.теңге көлеміндегі негізгі борышын өтеді. Олар бойынша 2,1 млрд.теңге өсімпұл мен 180,6 млн.теңге айыппұлдар есептен шығарылды.
Шара соңында қатысушылар 2019 жылдың 1 қаңтарына салық берешегі бар барлық азаматтарды мемлекет тарапынан есептелген өсімпұл түріндегі санкциясыз өз салықтық міндеттемелерін орындау мүмкіндігін пайдалануға шақырды.

ҚР ҚМ МКК Баспасөз қызметі