Date of publication: 03.07.2019 13:13
Date of changing: 03.07.2019 14:58

 

 

Мемлекеттік органның сыбайлас жемқорлыққа тиым салуы

 

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген  елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үрдісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді.      

Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, Еңбек кодексі, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекетік қызметшілерінің Ар-намыс кодексі негізгі нормативтік құқықтық актілері бекітілген. Аталған заңнамаларда көрсетілген заңдылықтарға қарсы әрекеттерді жүзеге асырған кез-келген азамат тиісті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Және де бұл заңнама ҚР барлық азамттарына қатысты қолданылады. Сондықтан, ешбір азамат сыбайлас жемқорлық тудыратын әрекеттерге бармауы тиіс, және сондай жағдай туындаған жағдайда тиісті уәкілетті органдарға хабарлауға міндетті болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтқанда қоғамның көмегінсіз жемқорлықты жеңу мүмкін еместігін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан, еліміздің іргесі берік қалыптасуы мақсатында қоғамның кез-келген мүшесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірге күрес жасап, сол жолдағы жұмысты өзінің жеке басынан бастап жүзеге асыра білуі қажет.

Мемлекеттің өсуі мен өркендеуінің негізгі кілті – қарқынды дамыған берік экономика. Ал экономиканың ілгері басуын тежейтін басты қарсы құрал ол – сыбайлас жемқорлық болып табылады. Соған сәйкес, әрбір мемлекеттік орган, жалпы қоғамның кез-келген структурасы өз жұмысы барысында жемқорлықпен күрес бағытында әрдайым белсенді жұмыстар жүргізіп, халық арасында, өз қызметкерлері арасында арнайы түсіндірме жұмыстары мен жемқорлық іс әрекет тудыратын мәселелердің алдын алу және тиым салу бағытында ұдайы жұмыс атқарып отыруы тиіс.

Әрбір саналы ұрпақ елім, халқым, ұлтымның болашағы деп санасымен сезініп, қызметін адал, жауапкершілікпен атқара білсе, және өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, үлгі көрсете білсе, бұл біздің еліміздің жемқорлықсыз қарқынды дамуына қосқан себелі үлесіміз деп білеміз.